Мамандар Ветеринариялық палата жұмысының тәуелсіздігін қамтамасыз етуді сұрайды
Қазақстанда Ветеринариялық палата форматында статуарлық орган құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл мәселе Құрылтайда қарастырылуда. «БҚО ветеринариялық дәрігерлері» бірлестігінің төрағасы, профессор Ғайса Әбсәттіров бұл бастаманы отандық ветеринарияны нығайту мен дамыту жолындағы оң қадам деп бағалады. Сонымен қатар ол жаңа органның салалық ведомстволардан тәуелсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Оның пікірінше, бұл Палатаға саланың және оның қызметкерлерінің мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Ғайса Әбсәттіровтың айтуынша, шамамен 10 жыл бұрын Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) мүше елдерге мемлекеттегі ветеринариялық практиканы реттеуге жауапты автономды ветеринариялық орган құруды ұсынған. Статуарлық орган ветеринариялық дәрігерлердің құқықтарын қорғауға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысуға, мамандардың біліктілігін арттыруға жәрдемдесуге, фермерлік шаруашылықтарға консалтингтік қызмет көрсетуге және басқа да міндеттерді орындауға тиіс.
«Статуарлық органды құру кезінде қойылатын негізгі талаптардың бірі – автономия қағидатын сақтау. Яғни ветеринария мамандарының кәсіби құзыретіне әсер етуі мүмкін кез келген қаржылық, коммерциялық, иерархиялық, саяси және өзге де қысымнан еркін болу қажет. Біздің ойымызша, статуарлық орган ешбір жағдайда бейінді министрліктің (ҚР АШМ) немесе Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің юрисдикциясында болмауы керек», – деп атап өтті профессор.
Осы ойын жалғастыра отырып, ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты республикалық диагностикалық орталықтардың жұмысына тағы да сын айтты. Бұл орталықтарға инфекция ошақтарынан алынған материалдар зерттеуге жіберіледі. Алайда зерттеулердің ұзаққа созылуы диагнозды жедел қоюға мүмкіндік бермейді. Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздің әртүрлі өңірлерінде «белгісіз аурулардың» өршу жағдайлары бірнеше рет тіркелген.
«Мұның бәрі, сайып келгенде, осы ұйымдардың мамандарына практикалық ветеринарлар, тәжірибешілер, әртүрлі деңгейдегі жануарлар иелері және жалпы жұртшылықтың сеніміне нұқсан келтіреді», – деп атап өтті Ғайса Әбсәттіров.
Сондықтан оның пікірінше, жаңа орган құрылғаннан кейін оның дербес жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Дегенмен профессор атап өткендей, алғашқы кезеңде Ветеринариялық палатаға кеңсе бөлу, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету мәселелерінде мемлекеттік органдардың қолдауы қажет болады. Сондай-ақ уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жолға қою керек.