Түркістан облысында ІҚМ сүйектерін қайта өңдеу зауыты іске қосылды
Түркістан облысының Ордабасы ауданында ірі қара малдың сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыт іске қосылды. Huating Biotechnology Co., LTD компаниясы жобаға 9 млрд теңге инвестиция бағыттайды. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.
Темірлан елді мекенінде өндіріс орны үшін «Түркістан» ӘКК арқылы 10 гектар жер учаскесі берілген. Жобаның алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Бастапқыда компания пептон компоненттерін, ал кейіннен желатин компоненттерін өндіруді жоспарлап отыр.
Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 5 мың тонна өнім. Өндіріс орнының іске қосылуы нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Түркістан облысында мал шаруашылығы жақсы дамығанымен, біз оның әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқпыз. Біздің міндетіміз – мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыру. Бүгін басталған бұл бастама алдағы уақытта толыққанды өндіріске айналады. Жоба аясында тері өңдеу және желатин өндіру жоспарланып отыр. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосады деп сенемін», – деді кәсіпорынның ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.