21 июля 2020 Қазақстан

Егін егу кезінде игерілмеген 80 млрд.теңге егін жинау науқанына жұмсалады

Президенттің тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарына бөлінген қосымша 100 миллиард теңгенің 20 пайызы ғана игерілді. Бөлінген қаражатты тиімді пайдалану үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов фермерлер үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын кеңейтуді ұсынды.

Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде, А. Мырзахметов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несиелеуді кеңейтуді ұсынды: егін жинау, соның ішінде көктемгі ауыл шаруашылық жұмыстарына да ақша бөлуді айтты.

Ұлттық палата төрағасы қазіргі уақытта бизнеске ең алдымен айналым капиталы қажет екенін атап өтті. Агроөнеркәсіптік кешендегі импортты алмастыру жобалары бойынша бюро жүргізген сараптамаға сәйкес, жобалардың жартысынан көбі (53%) өндірісті ұлғайту үшін айналым капиталын толықтыруы қажет, деп хабарлады Ұлттық сауда палатасының баспасөз қызметі.

Осыған байланысты Абылай Мырзахметов Үкіметке Бағдарламаның тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар берді.

Отырыстың қорытындысы бойынша Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығына екінші деңгейлі банктермен және Жобалық кеңеспен бірлесіп, әр мақұлданған жобаның аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырудың кешіктірілу себептерін анықтауға тапсырма берді.

Сондай-ақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, несиелік өтінімдерді қарастыру мерзімдерін, құжаттар тізімін және кепіл саясатын жеңілдету, банктердің бизнес-процестерін оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Ұлттық Банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, 100% айналым капиталын қаржыландыруды кеңейту мүмкіндігі бойынша жұмыс жасауы керек екендігі айтылды.