Қазақстанда 15,5 млн тонна астық бастырылды
Бүгінде Қазақстанда дәнді дақылдар 10,9 млн гектар алқаптан, яғни егіс жинау алаңының 70 пайызынан жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрап, 15,5 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 24,2 млн гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,6 млн гектарды құрады.
Майлы дақылдар 1,3 млн гектар алқаптан жиналып, гектарына 9,7 центнер өнімділікпен 1,3 млн тонна майлыдәндер алынды. Сонымен қатар аграршылар 2,6 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылдары және 1,8 млн тонна картоп жинады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл көлемдер ішкі азық-түлік нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Айдарбек Сапаров өңірлерге егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде аяқтауды және сонымен қатар 2027 жылғы маусымға дайындықты бастауды тапсырды.
«Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылды: қаржыландыру қамтамасыз етілді, ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылуда, дизель отыны мен тыңайтқыштарды жеткізу ұйымдастырылды, астық қоймалары дайындалды», – деді министр.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 664,4 млрд теңге бағытталды.
Жеңілдікті лизинг бағдарламалары бойынша жалпы құны 288,1 млрд теңге болатын шамамен 8,6 мың бірлік техника жеткізуге 7,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Жалпы жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы құны 353,9 млрд теңге болатын 10 774 бірлік техника жеткізуге келісімшарттар жасалды.
Егін жинау науқанына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың дестелегіш және шамамен 130 мың бірлік басқа да техника жұмылдырылды. Өңірлерге 401 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Қазақстандағы астық қоймаларының жиынтық сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды. Оның 13,1 млн тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының, тағы 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қуаттарына тиесілі.
Qoldau мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда лицензияланған астық қоймаларының жүктемесі шамамен 30 пайызды, яғни 4 млн тоннаны құрайды. Жаңа өнім түсе бастағаннан бері астық қабылдау кәсіпорындары 4,3 млн тонна астық қабылдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Қабылданған жұмсақ бидайдың 61 пайызы үшінші сыныпқа, 34 пайызы төртінші сыныпқа, 5 пайызы бесінші және санаттан тыс астыққа тиесілі.
Егін жинау науқанымен қатар Қазақстанда келесі маусымға қажетті ресурстық база қалыптастырылуда. 2026 жылы 2027 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру тетігі жалғасады. Қазірдің өзінде 1,4 млн тонна тұқым, яғни қажетті көлемнің 61 пайызы себуге дайындалды. 2 млн тонна минералды тыңайтқыш жөнелтілді.