28 декабря 2023 Қазақстан

Сианьдағы қазақстандық терминал іске қосылды

Өткен аптада Сиань қаласында қазақстандық терминал ашылды, ол Қытайдан жүк ағындарын тарту жөніндегі бастамалардың қисынды жалғасы болып табылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.

Сондай-ақ, өткен жылы Грузияның Поти портында Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін терминалдың құрылысы басталды.

Ведомствоның мәліметінше, ТХКБ бойынша 2023 жылы 2 млн 750 мың тонна жүк тасымалданған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 64%-ға артық.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Құрық портында Abu Dhabi Ports әмірлік компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған астық терминалы іске қосылып, Құрық портынан Еуропаға таза сутегі мен аммиак тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Порт терминалдарын дамытуға инвестицияның жалпы көлемі 200 млн доллардан асады.

Көлік министрлігі Үкіметтің қолдауымен ішкі су көлігі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Ертіс трансшекаралық өзенінің транзиттік әлеуетін ұлғайту және РФ – Қазақстан – Қытай жаңа дәлізін құру жоспарлануда. Семей қаласында жаңа кеме қатынайтын шлюз, Тұғыл кентіндегі өзен порты және қытай шекарасына дейін теміржол салу жоспарланған.

Ертістің транзиттік мүмкіндіктерін дамыту тасымалданатын жүк көлемін 1,5-тен 3,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айында Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстанның логистикалық орталығының құрылысы басталды.

Сиань қаласы - Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы. Сиань халықаралық сауда-логистикалық паркіне жүктердің 40%-ы Қазақстан тарапынан келеді, сондай-ақ мұнда Қытай-Еуропа қатынасымен жөнелтілген контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінен контейнерлердің 30%-ы қалыптастырылады. Келісімге сәйкес қытай тарапы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға құрғақ порт аумағында терминал салу үшін ауданы 8 га жер телімін беретін болады.