Қазақстанда жайылымдардың электрондық картасы құрылады
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 145 млн га ауыл шаруашылығы жері цифрландырылды, бұл елдің ауыл шаруашылығы алқаптары алып жатқан ауданының 77% құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін толық цифрландыруды 2025 жылы аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.
«Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру аяқталғаннан кейін топырақтың сапалық сипаттамалары мен жайылымдық алқаптардың жемшөп сыйымдылығы бар жеке ашық электрондық карта құрылады», - деп хабарлады ведомствода.
АШМ деректері бойынша 2023 жылы Jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы жаңартылды, онда қазір барлық қайтарылған ауылшаруашылық жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген. Сондай-ақ жайылымдық жерлерде тапшылығы бар аумақтардың орналасқан жері туралы деректерді интерактивті картаға енгізу бойынша жұмыстар аяқталды.
«Бұл қайтарылған жер теләмдерін ескере отырып, қажет болған жерде жайылымға жер беру үшін аймақтың бүкіл бейнесін көрнекі түрде көруге мүмкіндік береді», - деп нақтылады ведомствода.
Бұдан басқа, қағазсыз қызмет көрсету және жер телімдерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК (Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры) іске қосылды. Ақпараттық жүйе ашық қолжетімділікте жұмыс істейді, пайдаланушыларға жария кадастрлық картада жергілікті атқарушы органдарға оған құқықтар беру туралы өтініш беру үшін учаскені таңдауға мүмкіндік береді. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер телімдерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Цифрлық ауылшаруашылық карталары жасалуда.
Ведомствоның мәліметінше, жерді сапалы және ұтымды пайдалануды арнайы құрылған мемлекеттік институт - «ГИПРОЗЕМ» РМК қадағалайтын болады. Кәсіпорын экономикалық бағалау, жер мониторингі, топырақ, геоботаникалық, топыраққа агрохимиялық зерттеулер жүргізетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2022-2023 жылдары мемлекетке пайдаланылмаған және ауыл шаруашылығы жерлерін бұза отырып берілген 10 млн гектар жер қайтарылды. Оның 2,8 млн гектары жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына қайта бөлінді.
«Қайтарылған 10 млн гектардан басқа, бұрын пайдаланылмаған 3,4 млн гектар жердің иелері оларды игеруге кірісті», - деп нақтылады АШМ.