16:51 Қазақстан

Павлодар облысында 158 мың га ауыл шаруашылығы жерлері қайта бөлінеді

Павлодар облысында 940,6 мың гектарды қамтитын қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайта бөлу жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жоспар шеңберінде қайта айналымға 695,1 мың гектар тартылды. Тағы 158,5 мың гектар жер 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін қайта бөлінуі тиіс. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгін өңірде ауданы 150 мың га жер учаскелеріне конкурстар жарияланды. 15 маусымға дейін Екібастұз, Ақсу, Железин және Успен аудандарында 61,7 мың гектар жерді бөлу бойынша конкурстар өткізіледі. 15-29 маусым аралығында Ақсу, Ақтоғай, Железин, Май, Павлодар және Успен аудандарында тағы 88,1 мың гектар жерді бөлу бойынша конкурстар өткізіледі», - деп нақтылады ведомствода.

Әкімдік барлық аудандарда жайылымдар жетіспейтінін атап өтті. Баянауыл және Успен аудандарында халық үшін 2 мың гектар жер сақталған. Екібастұз бен Шарбақты ауданында АӨК саласындағы жобаларға 5,2 мың га бөлінген. Ақсу мен Екібастұзда тағы 1,5 мың гектар жерді халық үшін және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар үшін резервке қою жоспарлануда.

«Қалалар мен аудан әкімдеріне жер қатынастары бөлімімен бірлесіп, қайтарылған жерлерді халық пен ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін 15 маусымға дейін толықтай беруді тапсырамын. Конкурстарды өткізу кезінде заңнаманың талаптарын қатаң сақтау қажет. Жерді қайта айналымға тарту бойынша жұмыс тұрақты бақылауда қалуы тиіс», - деп атап өтті өңір басшысы Асаин Байханов әкімдікте өткен кеңесте.