2026 жылы Абай облысында 135 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері айналымға енгізілді
Абай облысында 2022-2025 жылдар аралығында мемлекеттік меншікке 481,5 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Оларды айналымға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың І тоқсанында ауыл шаруашылығы айналымына 135,1 мың га жер енгізілді, жоспар бойынша 132,5 мың га. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, бұрынғы Семей ядролық полигонының 983,7 мың гектар жері пайдалануға жарамды санатқа ауыстырылды. Оның 473,5 мың гектары Жаңасемей ауданына бекітіліп, шаруашылық айналымға кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 90 мың га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 71,1 мың га қайтарылды. Жердің негізгі бөлігі жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты, соттардың шешімдері бойынша және ерікті негізде қайтарылды.
Облыс әкімі Берік Уәли аудан әкімдеріне жерді айналымға енгізу процесін қатаң бақылауға алуды және аймаққа инвесторларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«2026 жылдың ортасына дейінгі міндеттерге сәйкес барлық қайтарылған жерлер тұрақты айналымға енгізілуі тиіс», — деп атап өтті Берік Уәли.