Солтүстік Қазақстанда 2 мың гектарға жуық пайдаланылмаған жайылым мемлекетке қайтарылды
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында пайдаланылмаған 1,9 мың га жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер учаскесін мәжбүрлеп қайтару туралы шешімді өңірдің мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қабылдады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Заңбұзушылықты тексеру барысында Жер ресурстарын басқару департаменті анықтап, жер учаскесін мәжбүрлеп қайтару туралы талап арызбен облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген.
Сот талап арызды толық қанағаттандырып, жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жер заңнамасына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге не ауыл шаруашылығы өндірісіне берілген жер учаскесі заңбұзушылық алғаш анықталған кезден бастап бір жыл ішінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаса, ол заңда белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп қайтарылуы мүмкін.