Қазақстанда жылдық инфляция 9,5%-ға дейін баяулады
Қазақстанда инфляция 2024 жылғы қаңтарда жылдық есепте 9,5% құрады. Тұтыну бағаларының айлық индексі өзгерген жоқ және алдыңғы айдағыдай 0,8% құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлады.
Бір айда азық-түлік тауарларының бағасы 1,1%-ға өсті.
Азық-түліктен қызанақ бағасы 18,5%-ға, қияр – 14,9%-ға, тәтті бұрыш – 12,1%-ға, сарымсақ – 7,4%-ға, банан – 6,7%-ға, жұмыртқа – 5%-ға өсті. Темекі өнімдеріне бағаның өсуі 3%-ға байқалды. Күнбағыс майы 1,7%-ға, қант 1,4%-ға, пияз 1,3%-ға, сәбіз 1,1%-ға арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Атырау облысында тіркелген – 1,2% (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төмені – Ұлытау мен Қызылорда облысында 0,5%.
Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарларының бағасы ең көп Абай облысында 1,7%-ға өсті.
Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 8,2%-ға өсті. 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда жүзім 47,7%-ға, қырыққабат 42,3%-ға, күріш 31,3%-ға қымбаттады.
Керісінше, жылдық мәнде пияз 26,4%-ға, күнбағыс майы 19,8%-ға, түйіршіктелген қант 15,5%-ға арзандады.