Қазақстанда картоп бағасы өсе бастады
Қазақстанда картоп бағасының өсуі тіркелді. Қарашаның алғашқы екі аптасында өсім 2,2%, соңғы аптада 0,2% құрады. Ел бойынша орташа баға килограмына 188 теңгені құрайды. Бұл туралы үкіметте инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңестің қорытындысы бойынша хабарлады.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, соңғы 4-5 аптада баға 4,5%-ға өсті, бұл экспорт ашылғаннан кейін оның жандануына байланысты.
«Екі айда картоптың экспорты 300 мың тоннаны, ал жақын арада экспорттық келісімшарттардың жалпы көлемі 200 мың тоннаны құрады. Осылайша, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін қауіпсіз болып табылатын 500 мың тонна жоспарланған шегіне жақындап келеміз», - деп атап өтті ол.
Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне картоп қорын қамтамасыз ету мәселесін Сыртқы саясат және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығаруды тапсырды.
Сонымен қатар, қарашаның екі аптасында тауық жұмыртқасы мен құс етінің 0,4%-ға шамалы қымбаттауы байқалады. Бұл негізінен жем мен импорттық компоненттер құнының өсуіне байланысты.
Айжан Бижанова күнбағыс майын өндірушілер құс фабрикаларына жем өндіру үшін арзандатылған майдың қажетті көлемін жеткізгенін хабарлады. Құнын тұрақтандыру үшін арзандатылған астық қажет.
Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына бағаның өсуін жеделдетпеу үшін құс фабрикаларын резервтерден жемдік астықпен қамтамасыз етуді және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қолжетімді тауық етінің көлемін ұлғайтуды тапсырды. Қарақұмық бағасының өсуін ескере отырып (қарашаның екі аптасында +1,3%) Азық-түлік корпорациясына тікелей сатып алу арқылы тұрақтандыру қорларына қосымша өнім көлемін сатып алу тапсырылды.
«Коммуналдық тарифтер тұрақтандырылды. Бүгінгі таңда инфляцияға әсер ететін және мемлекеттік шаралармен тұрақтандырылуы мүмкін жалғыз фактор – бұл азық-түлік тауарлары. Бұл тек әлеуметтік маңызды тауарлар туралы ғана емес, сонымен қатар азық-түлік себетіне кіретін және бүгінде мемлекеттік реттеуге жатпайтын азық-түлік өнімдерінің бүкіл желісіне қатысты. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік себетіне талдау жүргізіп, оларға бағаны тұрақтандыру жөнінде шаралар әзірлеуі қажет», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ, ол тауарлардың толық қадағалануын қамтамасыз етуді-артық делдалдарды алып тастауды, құжаттарды бақылау мен тексеруді күшейтуді тапсырды. Бұл нарықтың ашықтығын арттырып, шығындарды азайтады, бұл бағаларды қолжетімді ұстауға көмектеседі деп санайды үкіметте.
Қарашаның алғашқы екі аптасында Қазақстанда әлеуметтік азық-түлік бағасының өсуі 0,1%-ды құрады. Бағаның төмендеуі сәбізге (-1,7%), қырыққабатқа (-1,8%), пиязға (-0,4%) байқалды.