09:23 Қазақстан

Қазақстан Ауғанстанға 11 млн долларға бидай жеткізеді

Қазақстандық компаниялар Ауғанстанға жалпы сомасы шамамен 21 млн болатын бидай мен күнбағыс майын жеткізуге келісті. Келісімдер екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Гератта өткен бизнес-форум барысында жасалды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша WAYSTAR және Kim Rail International компаниялары ауғандық OSMAN KHALID компаниясымен жалпы сомасы 11 млн доллар болатын бидай жеткізуге арналған екі келісімшарт жасасты.

Сонымен қатар тараптар шамамен 10 млн доллар сомасына қазақстандық күнбағыс майын жеткізудің баға шарттарын түпкілікті келісті. Келіссөздерге Қазақстанның Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығы қатысты.

Сондай-ақ «Хаф – Герат» теміржолының үшінші учаскесінің ашылу рәсімі өтті. Оның құрылысына қазақстандық Integra Construction KZ компаниясы қатысты.

Форумға Қазақстанның 12-ге жуық компаниясы қатысты. Іс-шара барысында кәсіпкерлер қазақстандық өнім жеткізілімдерін одан әрі арттыру және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация Герат провинциясындағы индустриялық аймақтың өндірістік әлеуетімен де танысты.

2026 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 581,1 млн доллар болды. Бұл 2025 жылдың толық көрсеткішінен жоғары. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 541,6 млн долларға жеткен.

Қазақстанның Ауғанстанға экспортының негізгі тауарларын ұн, бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері және минералды тыңайтқыштар құрайды.