11:31 Астық

Батыс Қазақстанда ресейлік астықтың контрабандасы тоқатылды

Батыс Қазақстан облысында ресейлік астықты көлеңкелі импорттап, кейін оны қазақстандық өнім ретінде Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспорттау схемасының жолы кесілді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған», – деп хабарлады ҚМА.

Ведомствоның мәліметінше, схеманы жүзеге асыру үшін алдын ала коммерциялық ұйымдар номиналды басшылардың атына тіркелген. Кейін компаниялар мен қазақстандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар жасалған. Бұл өнімге қазақстандық шығу тегінің түрін беріп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тарифті қолдануға мүмкіндік берген.

«Астықты экспорттау схемасында Bakery Nan, KazGrano, Perfect Seed, Weizen және Golden Grain Kazakhstan ЖШС-лары пайдаланылған. Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден астам залал келтірілді», – деп ҚМА хабарлады.

Сонымен қатар, Агенттіктің мәліметі бойынша, салық берешегін өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан аулақ болу үшін күдіктілер бақыланатын экспорттық компаниялардың шоттарынан еншілес ұйымдардың шоттарына қаражат аударып, банкроттық рәсімін бастаған. Бұл әрекеттер мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

Аталған іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс бойынша процеске қатысушылар іс материалдарымен танысуға кірісті.