13:57 Астық

Ресей астық экспортына салынатын баж салығын нөлге түсірді

Ресей 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында бірқатар астық дақылдарының экспортына салынатын баж салығын нөлге түсірді. Үкімет қаулысына сәйкес, нөлдік мөлшерлеме Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерлерге экспорттау кезінде қолданылады.

Қаулының күші 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Сонымен қатар, Ресей күнбағыс майы мен күнбағыс күнжарасының экспортына қатысты шарттарды өзгертті. Жыл соңына дейін күнбағыс майына салынатын баж қолданыстағы формула бойынша есептеледі немесе тоннасына 7748 рубльді құрайды — екі мөлшерлеменің төмені қолданылады.

Күнбағыс күнжарасы үшін де екі мөлшерлеменің төмені белгіленді: қолданыстағы формула бойынша есептелген мөлшерлеме немесе тоннасына 312 рубль.

Еске сала кетейік, Ресейдің Қара және Азов теңіздеріндегі порттарының бұғатталуына байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау тоқтатылған. Астықты сыртқа шығаруға қатысты мәселені шешу үшін бірқатар шаралар ұсынылды, оның ішінде экспорттық баждарды уақытша тоқтату да бар.

Сонымен қатар, Reuters агенттігінің хабарлауынша, ресейлік компаниялар бұған дейін Қара теңіз арқылы экспортталған астықты жөнелту үшін Балтық және Арктика порттарындағы терминалдарды қайта жабдықтай бастады. Бұл Усть-Луга және Мурманск порттары. Тыңайтқыш, көмір және басқа да жүктерді ауыстырып тиеуге арналған терминалдар астық экспорттау үшін қайта бейімделуде.

Қайта жабдықталған терминалдарды пайдалану Ресейдің Балтық порттарының экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруы мүмкін, олардың жалпы астық өңдеу қуаты, сарапшылардың пікірінше, 2-ден 7 млн метрикалық тоннаға дейін бағаланады, ал оңтүстік порттардағы бұл көрсеткіш 60 млн тоннадан асады.