Қазақстан 2025/26 маусымында 15,5 млн тонна астық пен ұн экспорттады
Қазақстаннан 2025/2026 маркетингтік жыл қорытындысы бойынша астық пен ұн экспорты астық баламасында 15,5 млн тоннаны құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2024/2025 маусымының қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі астық пен ұн экспортының көлемі 15,3 млн тонна болғанын хабарлаған еді.
Қазақстандық өнімнің экспорттық географиясы Орталық Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуропа елдерін қамтиды.
Жаңа маусымда да жеткізілімдердің оң динамикасы сақталып отыр. ҚТЖ ҰК мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектің алғашқы 20 күнінде астық тасымалдау көлемі 852 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артты. Оның ішінде астық экспорты 10%-ға өсіп, 674 мың тоннаға жетті.
Негізгі өсім басты экспорттық бағыттарға жеткізілімдердің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Өзбекстанға 319 мың тонна астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 20%-ға көп. Тәжікстанға 116 мың тонна (+21%), Қытайға 101 мың тонна астық жеткізілді. Қытайға экспорт көлемі 2,5 есеге өсті.
Сонымен қатар астықты қайта өңдеу өнімдерінің экспорты да артып келеді. Қыркүйектің 20 күнінде ұнтақтау өнімдерін тасымалдау көлемі 134 мың тоннаны құрап, 24%-ға артты.