Аграрлық несие корпорациясында басқарма құрамы өзгерді
Аграрлық несие корпорацияның директорлар кеңесінің шешімімен Руслан Төлегенов компания басқармасының құрамынан шығарылды. Ол басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында хабарланады.
Өзгерісті ескере отырып, қазіргі уақытта АНК басқармасының құрамына бес адам кіреді: Алматы Әшірбеков – басқарма Төрағасы, Қайрат Сапулатов, Марлен Нәбиев, Айдын Досқараев, Мұрат Ысқақов.
Естеріңізге сала кетейік, Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға өтінімдер қабылдайды. Бұл мақсаттарға 2024 жылы 140 млрд теңге бағытталады. Несиелеу мерзімі - келесі жылдың 1 наурызына дейін, жылдық мөлшерлеме 5%-ға дейін (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан бастап).