Қазақстанда фермерлерді несиелендіру жылына 2,7 трлн теңгеге дейін ұлғаяды
Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті мәселе саланың созылмалы қаржыландырылмауы болып табылады. Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша бюджеттен және өзге де көздерден қосымша қаржыландыру қаражатын тарту жұмыстары басталды. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Несиелік қаражаттың тапшылығына байланысты фермерлер тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткілікті пайдаланбайды және ескірген техникада жұмыс істейді, бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігінің төмен болуына әкеліп соғады. Түпкі мәселені шешу үшін шаруаларды қолжетімді несие қаражатымен дер кезінде қамтамасыз ету маңызды», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы бюджет қаражатынан да, басқа да көздерден, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің капиталы есебінен де саланы қаржыландыруды тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілетін болады.
Атап айтқанда, жыл сайын 1,5 трлн теңгеге дейін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелендіруге толық қажеттілікті қамтамасыз етуге бағыттау жоспарлануда. Тағы 450 млрд теңге - жеңілдікті лизингке, Бұл ауыл шаруашылығы паркін жаңарту деңгейін ағымдағы 4,5%-дан 8-10%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 800 млрд теңге инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс.
«Қаржыландыру көздері қазір пысықталуда. Мен бұл қаражаттың барлығы қайтарымды екенін атап өткім келеді, яғни біз фермерлердің қол жетімді несиелері бар екеніне көз жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Айдарбек Сапаров.