Қазақстан Қытайға 1 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуге келісті
Қазақстанның Солтүстік Аграрлық Одағы қытайлық SPSI Cloud Port Development Group Co. Ltd компаниясымен Стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта ынтымақтастықтың бірінші жылында Қазақстаннан Қытайға 200 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізу туралы, алдағы үш жылда 1 млн тонна көлеміне жеткізу жоспарымен шарттар бекітіледі. Бұл туралы «Атамекен-Агро» компаниясында хабарлады.
«Меморандумға сәйкес бидай, арпа, зығыр, рапс, сұлы, күнбағыс, бұршақ, жасымық, мақсары, қара бидай және өсімдік майлары, шрот, жемдік ұн және басқа да өнімдерді жөнелту жоспарлануда. Өнімдер тек ҚХР-ға ғана емес, Шығыс Азия елдеріне де жеткізілетін болады. Жақын арада тараптар жеткізілім көлемін, жеткізілетін тауарлар тізбесін және өзге де талаптарды келіседі, содан кейін бірінші партияны жөнелтуге келісімшартқа қол қойылады», - деп хабарлады компания.
Меморандум шеңберінде өнімді Солтүстік Аграрлық Одақтың құрамына кіретін компаниялар жөнелтетін болады. Ол стратегиялық сауда альянсы үшін Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіру мақсатында «Атамекен-Агро» бастамасымен құрылды. Қазіргі уақытта Одаққа «Содружество» өнеркәсіптік-сауда компаниясы, «Asyl Farms» ЖШС, HK Daksing Industrial Co., Limited кіреді. Одақ өз құрамына басқа өндірушілерді қабылдауға дайын.
Солтүстік Аграрлық Одақ халықаралық сауда операциялары және өнімді экспорттау кезінде жеңілдікті және/немесе төмендетілген тарифтерді қолдана отырып, неғұрлым оңтайлы және тиімді логистикалық шешімдерді қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Одақ консультациялық және ақпараттық қолдау көрсетеді, ҚХР мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің аумағында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алушыларды іздестіруді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Солтүстік Аграрлық Одақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында дамудың жаңа жолдарын: экспорт географиясын кеңейту, Қазақстаннан жеткізілім көлемін ұлғайту, ел экспорттаушыларының алдында тұрған көліктік-логистикалық мәселелердің балама шешімдерін табу мақсатын қояды.
Sichuan Port and Shipping Investment Group Co. LTD (SPSI) көлік логистикасы және порт қызметтері саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға маманданған ҚХР-дағы жетекші мемлекеттік инвестициялық компания болып табылады. SPSI Қытайда бес су портын басқарады.