Сенатқа сайланған Ақылбек Күрішбаев ҚазАТУ-дың қамқоршылық кеңесінде қалады
12 тамызда сенат депутаттарын сайлау өтті. Дауыс берудің алдын-ала қорытындылары бойынша Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев Нұр-Сұлтан қаласынан сенатор болып сайланды. Осыған байланысты ол екі айдан кейін ҚазАТУ ректоры қызметінен кетеді. Сонымен бірге ол университеттің жаңадан құрылған қамқоршылық кеңесіне мүшесі болып қалуға ниет білдірді.
«Қазіргі кезде қол жеткен жетістіктерді жоғалтпауымыз керек. Зерттеу университетін құру бойынша жоспарланған шараларды уақтылы орындау өте маңызды. Біз қамқоршылар кеңесін құрғымыз келеді, оның құрамына біздің шетелдік серіктестеріміз, ҚазАТУ-дың жетекші ғалымдары, басқарма мүшелері және мен кіремін. Біз бірлесе отырып, зерттеу университеті бағдарламасының орындалуын және университетіміздің дамуының басқа да маңызды мәселелерін бақылайтын боламыз», - деді Ақылбек Күрішбаев әріптестеріне.
Сенатор лауазымында отырып ол университетті қолдауға, оның бюджетін қорғауға да ниетті.
«Сіздер бәрін жақсы түсінесіздер, ректор қызметіне білімді және тәжірибесі мол азамат келуі тиіс. Біздің зерттеу университетін одан әрі алып жүретін және дұрыс басқара алатын адамның ректор болғаны өте маңызды. Бұл мәселені талқылауға әлі де уақыт бар. Мен сіздермен қазанның ортасына дейін жұмыс істеймін», - деді А.Күрішбаев.