Қазақстаннан жем-шөп экспорты үш есе өсті
Қазақстан осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 618,1 млн доллар сомасына өңделген ауыл шаруашылығы өнімін экспорттады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға артық. Ең үлкен өсім мал азығын сатуда байқалады – үш есе (22,9 млн долларға) және күнжара - 2,1 есе (5,3 млн долларға). Бұл туралы QazTrade орталығы хабарлады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қазақстаннан: қант – 16,2 млн долларға, күнбағыс майы – 16,8%-ға (13,5 млн долларға), құс еті мен тағамдық қосалқы өнімдер – 93,2%-ға (9,3 млн долларға), шоколад – 31,9%-ға (5,5 млн долларға) экспорты өсті.
2023 жылы 426 қазақстандық компания шетелдік нарықтарға шығу кезінде мемлекеттік қолдауға ие болды: экспорттаушылардың шығындарын өтеу, экспорттық акселерация бағдарламаларына қатысу, Alibaba.com платформасына шығару, халықаралық көрмелерге және сауда-экономикалық миссияларға қатысу. Бұл ретте қолдау алушылардың 75%-ы - тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары.
Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде азық-түлік өндірісінің көлемі 1,8%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгені (2022 жылы - 3 трлн теңге) құрағанын хабарлады. Ал ағымдағы жылдың алғашқы үш айында 716,3 млрд теңгеге азық-түлік өндірілді.
Өткен жылы Азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 7,1%-ға өсіп, 151 млрд теңгені құрады. АӨК өнімінің экспорты 5,3 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорттың жалпы көлемінде өңделген өнімді жеткізу 43%-ға дейін өсті және 2,2 млрд долларды құрады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірледі. Жоспар өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуді, негізгі және айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікті несиелер беруді, жаңа нарықтарды ашу арқылы қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Кешенді жоспар шеңберінде жалпы құны 176,2 млрд теңгені құрайтын 58 жобаны іске асыру жоспарлануда.