Жетісуда 22 мың гектар аумақта заманауи суару жүйелері іске қосылады
Жетісу облысында биыл су үнемдейтін технологияларды қолдану арқылы суармалы жер көлемін 22 мың гектарға жуық ұлғайтып, оны 31,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ақсу өңірінің аграрийлері қомақты үлес қосады, деп хабарлады Жетісу әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл Ақсу ауданындағы 16 шаруа қожалығы 2 107 гектарды қамтитын су үнемдеу технологияларын іске қосады: 1622 гектарға – жаңбырлату, 485 гектарға – тамшылатып суару. Атап айтқанда, Шолақөзек ауылындағы «Жаныс-К» ЖШС биылғы жылы 230 гектарға тамшылатып суару технологиясын одан әрі ұлғайту жоспарымен орнатты. Компания суаруға 300 млн теңге инвестиция салды.
«Жаныс-К» суармалы алқаптарында 130 гектарға қант қызылшасы, 100 гектарға асқабақ, күнбағыс, жүгері өсіріледі. ЖШС директоры Галбиат Самарқан хабарлағандай, тамшылатып суару дәстүрлі суару әдістерімен салыстырғанда суды тұтынуды 60%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Оң тәжірибені ескере отырып, келесі жылы шаруашылықта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің алқаптарын тағы 100 гектарға ұлғайтып, осылайша 330 гектарға жеткізу жоспарлануда.
«Бұл округте мен жеті жылдан бері жермен жұмыс істеп келемін. Біз жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмысты көптен бері жоспарлап келеміз және биылғы жылы оны қолға алдық. Қытайдан арнайы техниканы әкеліп, орнаттық. Компания маманы келіп, іс жүзінде жаңа технологиямен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірді. Қазір шаруашылықта тұрақты негізде жақын маңдағы ауыл тұрғындары арасынан сегіз адам жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде тағы 20-ға жуық адам жұмысқа тартылады. Биылғы жылы су үнемдеу технологияларын енгізудің арқасында бізде, мысалы, қант қызылшасын гектарынан 800 центнерден алуға мүмкіндігіміз бар», - деп атап өтті Галбиат Самарқан.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректері бойынша, егер өткен жылы Жетісу облысында су үнемдеу технологияларын қолдану алаңы 1,3 мың гектарға ұлғайтылып, 9,3 мың гектарға жеткізілсе, биыл оларды 21,9 мың гектарға ұлғайтып, 31,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Суды үнемдейтін технологияларды қолдану тарифтер мен жабдықтарды субсидиялау арқылы мемлекет тарапынан ынталандырылады.