Алматы облысында жүгері өндірісі бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда
Алматы облысының Ұйғыр ауданы - Қазақстандағы жүгері өндірісінің жетекші орталықтарының бірі. Ағымдағы жылы астыққа жүгері 9 080 гектар жерге егілді. Ауданда осы бағытты дамыту үшін екі ірі жоба іске асырылуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүгеріні өсіру бойынша жобалардың бірін «Assem Kaljat» ЖШС жүзеге асырады. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы айналымына 2 487 га жерді енгізіп, заманауи суару жүйелерін енгізді. Қазіргі уақытта тамшылатып суару технологиясы шамамен 2,5 мың гектарға қолданылады, 50 суару ұңғымалары бұрғыланды және 303 шақырым магистральдық су құбырлары салынды. Жобаны іске асыруға 1,3 млрд теңге салынды.
Жобаның маңызды бөлігі - тәжірибені тарату. Ауданның ірі және шағын шаруа қожалықтарының өкілдері жүгері алқаптарын аралап, дақылды өсірудің заманауи технологияларымен танысты. Фермерлерге суару жүйелерін қолданудың тиімділігі, тұқым таңдау ерекшеліктері, агротехникалық шараларды ұйымдастыру және өнімділікті арттыру жолдары туралы айтылды.
Жүгері өндірісін ұлғайтуға бағытталған тағы бір жобаны «АА Агро Қонаев» ЖШС және «QS Logistics Systems LTD» ЖШС бірлесіп жүзеге асыруда. Серіктестік 4 400 га жерді игеріп, суарудың заманауи технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Келесі кезеңде құны 18,2 млрд теңге болатын жүгері мен соя өсіру бойынша агроөнеркәсіптік кластер құру көзделген.
Ұйғыр ауданында су үнемдеу технологияларын енгізуге де басымдық беріледі. Егер 2024 жылы мұндай суару технологиялары 450 га-ға енгізілсе, 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 19 790 га-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2026-2028 жылдары 17 187 га жайылымды суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыстыру және суару желілерін жаңғырту есебінен ауыл шаруашылығы айналымына қосымша 6 396 га енгізу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 122,4 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 33 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Жамбыл облысындағы Fufeng жүгеріні қайта өңдеу кәсіпорны және Тараз қант зауытындағы қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша жаңа желі бар.