Қазақстанда картоп алқаптан тоннасына 90–100 мың теңгеден сатылуда
Қазақстанда картоптың биылғы өнімі 2,8 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл ретте ішкі нарықтың қажеттілігі 2 млн тоннадан асады. Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттық әлеуетті 400 мың тонна көлемінде бағалап отыр. Бұл туралы үкіметтегі брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, 2027 жылы жаңа өнім жиналғанға дейін картоп бағасын тұрақтандыру үшін өңірлердің әкімдіктері баға қолайлы болып тұрған қазіргі уақытта қажетті көлемге алдын ала келісімшарт жасауы қажет.
«Бүгінгі таңда 2,5 млн тонна картоп жиналды. Қарағанды және Павлодар облыстарындағы алқаптарда картоп қазір тоннасына 90-100 мың теңгеден сатылып жатыр. Біз әкімдіктер мен ірі сауда желілеріне фермерлерге артығын экспорттауға мүмкіндік беру үшін қажетті көлемдегі картопты алдын ала келісімшарт арқылы сатып алу қажеттігін айтып отырмыз», – деді Назгүл Хатепова.
Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан 388 мың тонна картоп экспорттаған. Негізгі сатып алушы Өзбекстан болды. Экспортқа сұраныстың жоғары болуына байланысты елде картоп экспортына шектеулер енгізілген еді.
Назгүл Хатепованың айтуынша, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі картоп экспортына жаңа шектеулер енгізуге негіз болатын қандай да бір себеп көріп отырған жоқ.
Айта кетейік, 29 қыркүйекте өткен үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов картоп пен көкөніс қорын қалыптастыру бойынша жұмысты күшейтетінін мәлімдеді.
«Қазірдің өзінде егін жинау науқаны барысында қажетті көлемді уақтылы келісімшартпен бекітіп, сатып алуды және сақтауға орналастыруды ұйымдастыру маңызды. Өңірлердің әкімдіктері бұл мәселені бақылауға алып, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына немесе бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі керек. Бұл ретте өнімнің артығын экспортқа бағыттау қажет. Сауда және Көлік министрліктері аграршыларға өткізу нарықтарын іздеуге және өнімді сатуға қолдау көрсетуі тиіс», – деді Олжас Бектенов.