Қазақстанда майлы дақылдардың рекордтық өнімі күтілуде
Қазақстанда 2026 жылы майлы дақылдар тұқымының рекордтық өнімін – 5 млн тоннадан астам өнім жинау болжанып отыр. Бүгінде майлы дақылдар 2,4 млн гектар алқаптан жиналып, 2,4 млн тонна майлы дәндер бастырылды. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында 2024 жылдан бері майлы дақылдардың егіс көлемі 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарға жетті (2024 жылы – 2,9 млн га). Сонымен қатар өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында екі жыл ішінде жүгері алқаптары 120 мың гектарға ұлғайтылды. Егіс құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға өсті.
Жалпы биылғы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды. Егін жинау жұмыстары өткен жылғы қарқыннан озып жүргізілуде. Бүгінде 13,5 млн гектар немесе дәнді дақылдар алқабының 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды.
Лицензияланған элеваторларға 4,9 млн тонна астық түсті. Оның ішінде қабылданған жұмсақ бидайдың 74%-ы жоғары сапалы, ал өнімнің 20%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды.
Азат Сұлтанов сондай-ақ биылғы маусымда вегетация кезеңіндегі ауа райы жағдайларының әркелкі болғанын атап өтті. Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінің жекелеген аймақтарында жауын-шашын мөлшері жеткіліксіз болып, бұл егіннің қалыптасуына қауіп төндірді. Соған қарамастан, дәнді дақылдардың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отыр.
«Алдыңғы жылдары осындай ауа райы жағдайында өнімділік көбіне гектарына 8-9 центнер шамасында болған. Сонымен қатар үкіметтің қолжетімді жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін қабылдаған шараларының арқасында аграршылар қажетті агротехникалық іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүргізе алды», – деп атап өтті вице-министр.