Қазақстанда сыйымдылығы 746 мың тонна болатын 95 көкөніс қоймасы пайдалануға берілді
Қазақстанда көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында жалпы сыйымдылығы 746 мың тонна болатын 95 сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде жалпы сыйымдылығы 2,5 млн тоннадан асатын 941 көкөніс және картоп қоймасы жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін сыйымдылығы 129 мың тонна болатын тағы 15 сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Қабылданып жатқан шаралар өнімнің ысырабын азайтуға, оны сақтау мерзімін ұзартуға және маусымаралық кезеңде көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Азат Сұлтанов.
Ол сондай-ақ егін жинау науқаны аясында бүгінде 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары және 2,5 млн тонна картоп жиналғанын хабарлады.