Қазақстанда астық өндірісін бақылау цифрландырылады
Қазақстанда өсімдік шаруашылығындағы өнімдердің қадағалануын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе – ӨШҚАЖ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны іске қосу ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің тұқым пайдаланудан бастап өнім жинауға дейінгі барлық процесін цифрландыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Жүйеде егісті жоспарлауды цифрландыру, өнімдерді цифрлық есепке алу, өнім партияларын есепке алу, тұқым материалын бақылау және ғарыштық мониторинг қарастырылған. ӨШҚАЖ-ін дамыту нәтижесінде өнімдерді цифрлық есепке алу, сондай-ақ тұқым мен астық партияларының өндірушіден элеваторға дейінгі қозғалысын бақылау қамтамасыз етіледі», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
Оның айтуынша, Digital Qazaqstan жалпы стратегиясы аясында агроөнеркәсіптік кешенде мал шаруашылығындағы өнімдердің қадағалану жүйелері, жер ресурстарын басқару жүйелері, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың бірыңғай цифрлық терезесі де енгізіліп жатыр.
Атап айтқанда, мал шаруашылығындағы жеткізу тізбегінің қадағалануын қамтамасыз ету үш негізгі интеграцияланған жүйе арқылы жүзеге асырылады. ЖСЖ жануардың бүкіл өмірлік циклі бойында – туған және тіркелген сәтінен бастап, орын ауыстыруы, иесінің өзгеруі, ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуі, сойылуы және есептен шығарылуына дейін мемлекеттік бірыңғай есепке алуды қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде жүйеде 39,6 млн-нан астам жануар есепке алынған. Оның ішінде шамамен 9,3 млн бас ірі қара, 24,5 млн бас ұсақ мал және 4,9 млн жылқы бар.
Асыл тұқымды мал басы Республикалық мал шаруашылығы жүйесі (РМШЖ) мамандандырылған жүйесінде тіркеліп, есепке алынады.
Сонымен қатар мал иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы жұмыс істейді.
Жер ресурстарын басқаруды цифрландыру мақсатында еліміздегі жерлердің цифрлық картасы 100% қалыптастырылды. Қазіргі уақытта агрохимиялық талдау 80%, геоботаникалық зерттеу 47%, топырақ зерттеуі 41% деңгейінде орындалды. Бұл көрсеткіштерді 2029 жылға қарай 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуын бақылау үшін «ЖерИнСпектр» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол ғарыштық мониторинг нәтижесінде құқық бұзушылықты анықтаудан бастап, оны уәкілетті қызметкердің растауына дейінгі бақылаудың толық циклін қамтамасыз етеді. Осылайша, жүйе жер қорын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Айдарбек Сапаров.