Қазақстанда шамамен 18 млн га егілді
Қазақстанда 5 маусымдағы жағдай бойынша 17,9 млн га (дәнді, көкөніс, жемшөп, майлы дақылдар, картоп, қант қызылшасы және мақта) егілді. Ағымдағы жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн га жоспарланған.
Қарсаңында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Павлодар облысында өткен кеңесте егіс жұмыстарын жүргізуді талқылады. Өңірде жұмыстарды 15 маусымға дейін аяқтау жоспарлануда. Майлы және жемшөп дақылдарының егістігін кеңейту есебінен егіс алаңы 20 мың гектарға ұлғайтылып, 1,7 млн гектарды құрайды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Облыс 175 мың тонна көлемінде тұқыммен толық қамтамасыз етілген. 17 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Арзандатылған дизель отынын жөнелту кесте бойынша жеткілікті мөлшерде жүргізіледі. 27 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды», - деді облыс әкімі Асаин Байханов.
АШМ деректері бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге жалпы ел бойынша 376 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, өңірлерге 274,4 мың тонна (73%) жөнелтілді. Мамыр айында дизель отынын бөлу ережелеріне өзгерістер енгізілді, олар дақылдар түрлері бойынша және бір гектарға отын шығысының бірыңғай базалық нормативтерін алып тастады. Егер бұрын дәнді дақылдар бойынша нормативтер 1 гектарға 15 литрді құраса, қазір олар орта есеппен 17-18 литрді құрайды. Бұл өзгерістер дизель отынын биылғы егін жинау жұмыстарына бөлу кезінде күшіне енеді.
Сондай-ақ тыңайтқыштарды сатып алуды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді, ол отандық тыңайтқыштарды субсидиялау нормативін 60% арттыруды қарастырады. Сонымен қатар, бөліп төлеу мәселесі отандық өндірушілермен пысықталды.
«Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары қабылданды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша алғаш рет көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 400 млрд теңгеге дейін қосымша қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 687 ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өтінімдер келіп түсті. Жеңілдетілген несиелеудің қосымша көлемін қамтамасыз ету үшін министрлік қолданыстағы субсидиялау тетіктеріне өзгерістер енгізуді көздеді. Біріншіден, аграрийлер 5%-дан аспайтын жеңілдікті мөлшерлеме бойынша несие алады, екіншіден, қарыздарды кепілмен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін қарыз шарты сомасының 85% мөлшерінде кепілдік беру тетігі көзделген», - деді Айдарбек Сапаров.