Ресейден шегірткелердің ұшып келуі Ақтөбе облысында тіркелді
Ақтөбе облысында Ресейдің Орынбор облысынан шегіртке зиянкестерінің келуі тіркелді. Осыған байланысты Әйтеке би ауданында қорғаныс шаралары күшейтілді. Өңірге іс-қимылды үйлестіру үшін ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жіберілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әйтеке би ауданында Орынбор облысының вице-губернаторының қатысуымен шегіртке зиянкестерімен күресу бойынша бірлескен жұмыс мәселелері бойынша жедел кеңес өтеді.
АШМ деректері бойынша, химиялық өңдеуге жоспарланған ауданның 307 мың гектар аумағынан қазіргі уақытта 62 мың гектарға жұмыстар аяқталды. Қажет болса, ол жерге қосымша техниканы тасымалдауға болады.
Министрлік Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтары ерекше бақылауда қалып отырғанын атап өтті.
Қазақстангың Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясына шекара маңындағы аумақта шегірткелердің таралуын бақылауды күшейту қажеттілігі туралы хат жолдады. Жағдай Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен Ресейдің салалық ведомствосымен бірлескен іс-қимыл шараларын пысықтап жатқан вице-премьер Серік Жұманғариннің бақылауында. Ресей тарапынан шараларды күшейту туралы келісімге қол жеткізілді.
Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарынан шегірткелердің ұшу қаупі жоғары аймақта: Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы, сондай-ақ табындық көші-қон жолдары өтетін Қостанай облысының Жітіқара және Денисов аудандары.
«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Ұлытау облысында, содан кейін жұмыс барысын бақылау үшін Ақтөбе облысына барады», - деп толықтырды АШМ.
Бүгінгі таңда Қазақстанда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу 1,5 млн га алаңда жүргізілді, оның ішінде Қостанай облысында – 240 мың га, Ақтөбе облысында-469,8 мың га, Батыс Қазақстан облысында - 93 мың га, Атырауда – 70 мың га, Абай облысында – 33 мың га.