Қазақстан, Қытай және Ресей контейнерлік тасымалдардың цифрлық платформасын құрады
Қазақстан, Қытай және Ресей үш елді байланыстыратын маршрутта жүк тасымалын оңтайландыру үшін контейнерлік тасымалдардың Бірыңғай цифрлық платформасын (БЦП) құру туралы келісім жасасуға дайындалуда. Құжатқа Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде 2024 жылдың шілде айының басында қол қою жоспарлануда, деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
«БЦП кедендік ресімдеу, электрондық сауда және басқа да қызметтерді біріктіретін интеграцияланған жүйеге айналады. Бұл логистиканы едәуір жеңілдетуге, электрондық сауданы дамытуға жәрдемдесуге, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, сауда кедергілерін азайтуға, жеткізілім тізбектерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады ұлттық компанияда.
БЦП құру туралы келісімді KTZ Express (Қазақстан), «Славтранс-Сервис» (Ресей) және Xi'an Free Trade Port (Қытай) құрған «CRK Терминал» бірлескен кәсіпорны әзірледі. Жобаны әзірлеуге және іске асыруға маршрутқа қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары тартылатын болады.
ҚТЖ ақпараты бойынша, «CRK Терминал» бұл бастамаға Alibaba, Pindouoduo, JD және 1688.com сияқты ірі маркетплейстерді тартуды жоспарлап отыр.
«БЦП іске қосу логистикалық процесті едәуір жеңілдетеді. Бұл жүк тасымалын оңтайландыруға ғана емес, жобаға қатысушы елдерде бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «KTZ Express» АҚ бас директоры Дамир Қожахметов.