Қазақстан Иранның Шахид-Раджаи портында терминал салады
Қазақстан Иранмен Шахид-Раджаи портында қазақстандық көліктік-логистикалық терминал салу туралы BOT-келісімге (Build-Operate-Transfer – құрылыс, пайдалану және беру) қол қойды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Келісім 27 жыл мерзімге жасалды. Оның екі жылы терминал құрылысына, ал келесі 25 жылы нысанды пайдалануға бөлінген. Терминалды коммерциялық пайдалануға беру жобаны іске асырудың үшінші жылына жоспарланған.
«Бұл жобаны іске асыру Қазақстан мен Иран арасындағы көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болады. Иранның ірі портында қазақстандық терминал құру «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ Парсы шығанағы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Шығыс Африка елдерінің нарықтарына тиімді шығуды қамтамасыз ету есебінен қазақстандық өнімдер экспортының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Сауда министрлігінде.
Қазақстан тарапынан келісімге QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының бас директоры Аман Малғаждаров, Иран тарапынан - Хормозгон провинциясының порттары мен теңіз тасымалы ұйымының басшысы - «Шахид-Раджаи порты» АЭА бастығы Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімінің Иранға экспорты 2025 жылы 97%-ға артып, 238,5 млн долларға жетті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Иранға астық экспорты бір жылда екі еседен астам өсті - 225,3 млн доллар сомасына 1,1 млн тоннаға дейін. Экспортты одан әрі арттыру, оның ішінде сиыр мен қой етін, өсімдік майларын және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізу туралы келіссөздер жүргізілуде.