Қазақстан Үндістанға жасымық экспортын бастады
KTZ Express компаниясы Ақмола облысынан Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы қазақстандық жасымықты Үндістанға жөнелтті. Бұл туралы ҚТЖ хабарлады.
Жүк Ақкөл станциясынан Үндістанның Мундра портына жөнелтілді. Алдымен жасымық теміржол арқылы Ақтау портына жеткізілді. Одан кейін контейнерлер Каспий теңізі арқылы Әзербайжандағы Алят портына тасымалданды. Ол жерден жасымық теміржол арқылы Грузияның Поти портына жеткізіліп, кейін теңіз көлігімен Мундра портына жөнелтілді.
Ақмола облысы жасымық өндіру және өңдеу дамып келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда дәнді-бұршақты дақылдардың өнімі рекордтық 1 млн тоннаға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 56%-ға артты.
Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде алтыншы орында. ҚТЖ атап өткендей, ТХКБ арқылы тасымалдау отандық өндірушілердің Оңтүстік Азия нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтіп, экспорттың жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік береді.