Қазақстан Қытайда 629,1 млн долларға келісім жасасты
Үрімшіде өткен «Қазақстан – Қытай» III өңіраралық форумы аясында жалпы сомасы 629 млн доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасында күнбағыс майын жеткізуге үш келісімшарт, «Qazaq Camel» ЖШС мен Xinjang Huaken Dairy Group Co ltd арасында түйе сүтінің ұнтағын жеткізу туралы шарт және басқалары жасалды.
Баспасөз қызметі «Қазақстан – Қытай» форумының осы диалог алаңында Қазақстан мен Қытай өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланатынын атап өтті. Форумға Қазақстанның 17 облысының, ірі компаниялары мен іскер топтарының және ҚХР-ның 27 өңірінің өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында вице-премьер Серік Жұманғарин атап өткендей, Қытай Қазақстанға инвестиция көлемі бойынша төртінші орында тұр.
«Қазақстан мен Қытай арасында қарқынды өңіраралық өзара іс-қимыл жасау үшін барлық жағдайлар жасалған. Сонымен бірге инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері үшін үлкен әлеует бар», — деді вице-премьер.
Сондай-ақ Үрімшіде «ЭКСПО Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесі ашылды. Бұл нарыққа бағытталған сегізінші кәсіби бренд көрмесі.
Көрменің ашылу салтанатында Серік Жұманғарин Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың «алтын 30 жылдығы« атты жаңа кезеңі жаңа өршіл мақсаттар қойып отырғанын атап өтті. Олардың бірі – өзара тауар айналымын 100 млрд долларға дейін жеткізу.
260 шаршы метрлік қазақстандық павильон «ЭКСПО Қытай-Еуразия» көрмесінде қонақтар арасында ең ірі павильонға айналды. Мұнда 42 отандық компанияның экспорттық тауарлары орналасқан. Қазақстан негізінен азық-түлік өнімдерін ұсынды.