ҚР-да электрондық коммерцияның ірі тарату орталығы пайда болады
Қытайлық YTO Express Co. Қазақстанда Орталық Азиядағы электрондық коммерцияның ірі тарату орталықтарының бірін салуды жоспарлап отыр. Бұл орталық тауарларды жедел өңдеуді және оларды ЕО, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне жеткізуді қамтамасыз етеді. Интеллектуалды IT-шешімдерді енгізу логистикалық процестерді толық автоматтандыруға және жеткізілімдерді кедендік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Cауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев және YTO Express Co басқарма төрағасы және негізін қалаушы Ю Вэйцзя орталық салу және электрондық коммерциядағы өзара тиімді ынтымақтастық келешегінің мәселелерін талқылады.
YTO Express Co. басқарма төрағасы бұл жоба Орталық Азияда бірегей болып табылатынын және бүкіл өңірді қамтитынын атап өтті. Жаһандық логистикалық хабтарды кеңейту үшін компания басқа елдерде тағы бес тарату орталығын салуды жоспарлап отыр.
«Өткен жылы біз Алматы әкімдігімен белсенді жұмыс істей бастадық. Бұл екі елдің өзара тиімді және нәтижелі ынтымақтастығын күшейтетін ұзақ мерзімді жоба. Ынтымақтастық негізі үшін біз Қытайда үш бонд қоймасын аштық: Шанхай, Нанкин және Ухань. Бұл жоба бүкіл аймақты қамтитын Орталық Азиядағы жалғыз жоба. Осы тарату орталығынан басқа, біз АҚШ, Бразилия, Таиланд, Будапешт және Дубайда тағы бес орталық салуды жоспарлап отырмыз», - деді Ю Вэйцзя.
Қытай тарапы жобаны жақын арада жүзеге асыруға ниетті. Арман Шаққалиев Қазақстанның белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қоюға келісті.
Сауда министрлігі бұл жоба өңірдегі экономикалық байланыстарды нығайту және халықаралық онлайн сауданы дамыту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстандағы электрондық сауда нарығы жыл сайын 20%-дан астам өсімді көрсете отырып, қарқынды дамып келеді.
«Қытайдың электрондық коммерция нарығы өзінің көлемімен таң қалдырады, мұнда сатылымның 70% - дан астамы онлайн режимінде жүзеге асырылады. Қазақстан өзінің тиімді географиялық орналасуымен халықаралық электрондық сауданың негізгі транзиттік аймағы болуға ұмтылады. Қазақстанда тарату орталығын құру бойынша Қазпоштамен бірлескен жоба трансшекаралық сауданы дамытуға жаңа серпін береді», - деді сауда министрі.