Қазақстанда инвестициялық қызмет бойынша ұлттық орталық құрылады
ҚР Премьер-Министрі Үкімет Аппаратының индустриялық және инфрақұрылымдық даму бөлімінің құрылымы негізінде жұмыс істейтін инвестициялық қызмет жөніндегі Ұлттық орталықты ашу туралы өкімге қол қойды.
«ИКҰО мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың өзге де құрылымдық бөлімшелерін, оның ішінде Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес Хатшылығын, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетін, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Инвестициялық саясат департаментін, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің Жобалық басқару саясаты департаментін тарта отырып, Президенттік жобалық кеңсесі (Delivery unit – стратегиялық және инвестициялық жобалар блогы), Kazakh Invest ҰК акционерлік қоғамы, Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың Өңірлік Үйлестіру кеңестері негізінде матрицалық құрылым форматында құрылады», - делінген өкімде.
ИКҰО басшысы Үкімет Аппаратының индустриялық және инфрақұрылымдық даму бөлімінің меңгерушісі болады. Бұл ретте Орталықтың қызметіне жалпы басшылықты премьер-министрдің бірінші орынбасары жүзеге асыратын болады. Қазіргі уақытта бұл лауазымды Роман Скляр атқарады.
ИКҰО міндеттеріне мыналар кіреді:
- Инвестициялар тарту жөніндегі кеңес хатшылығының қызметін ұйымдастыру;
- бәсекеге қабілетті инвестициялық ахуалды құру үшін реттеуші саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
- Үкімет басшылығының тапсырмасы бойынша инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру мониторингі;
- мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру мониторингі кезінде салааралық үйлестіру;
- инвесторларға мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.