ҚазАТУ ректоры кадрларды даярлау жүйесін қайта қарауды ұсынды
Еліміздің жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау жүйесі өндіріс қажеттілігін ескере отырып қайта қаралуы керек. Бұл пікірді Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев айтты.
А.Күрішбаев атап өткендей, Қазақстан Республикасының Президенті бюджет тапшылығына қарамастан, студенттерді оқытуға арналған мемлекеттік білім грантының құнын арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл білім беру жүйесіне қосымша ондаған миллиард теңге бөлуге мүмкіндік береді.
«Оқу ақысын көтеру, жоғары оқу орындарында мамандар даярлау сапасын жақсарта ма? -деп халық сұрауы мүмкін. Университет ректоры ретінде айтар болсам, мемлекет басшысы бұрыннан келе жатқан мәселені көтеріп, білім құнын арттыратынына қуаныштымын. Маман дайындауда бір жылға 349 мың теңге бөлінеді. Мысалы, болашақ биотехнолог немесе ветеринар маманды осындай қаражатқа даярлау мүмкін бе» - деп жазды Facebook парақшасында ҚазАТУ ректоры.
Сонымен қатар, ол университеттердегі кадрларды даярлаудың қазіргі жүйесі дамыған елдердегідей өндіріс қажеттіліктеріне, жұмыс берушінің сұранысына бағдарланбаған, бұл мемлекеттік ақшаның «құмға кетуіне» себеп болады. Бұл үшін көп нәрсені өзгерту керек және қазақстандық университеттердегі білім жүйесі басқаша құрылуы тиіс.
Ақылбек Күрішбаев қазіргі жағдай туралы айта келе, пандемия мен экономикалық дағдарыс кадрларды даярлау саласындағы мемлекеттік саясаттағы көптеген кемшіліктер мен қателіктердің бетін ашқанын атап өтті.
«Адам капиталын дамыту үшін барлық мүмкіндіктерге ие бола отырып, біз осы жылдар ішінде жоғары білім жүйесін заманауи деңгейге көтере алмағанымыз, ел ішінде «болашақ» бағдарламасын жүзеге асыра алмағанымыз өкінішті ақ. Алайда қолымыздан келер еді! Маман даярлау және университеттердің дамуы тұрғысынан алғанда біз дамыған елдерді айтпағанда, Беларуссиядан да артта қалған мұнайлы ел болып табыламыз», - деп атап өтті ҚазАТУ ректоры.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің 80% -ы мамандарға деген тапшылықтың бар екендігін айтқан еді. Мұның себептерінің бірі – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы көп жылдардан бері ең төмен екендігі хабарланған болатын.