АӨК субсидиялары шаруашылықтардың өнімділігімен байланысты болады
АӨК-ті мемлекеттік қолдау жүйесі саланың тиімділігін арттыру құралы болуға тиіс. Қарсы міндеттемелерді кезең-кезеңімен белгілеу және фермерлерді өндіріс көлемін арттыруға ынталандыратын субсидияларды енгізу маңызды бағыт болады. Бұл туралы президенттің жарлығымен бекітілген ҚР-ның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында айтылған.
Бұл мемлекеттік қолдау жүйесі фермерлерді бизнес-қоғамдастық өкілдерімен келісілген ғылыми негізделген ұсынымдар негізінде оңтайлы дақылдар өсіруге, агроинпуттардың (тыңайтқыштар, пестицидтер және басқалар) оңтайлы деңгейін пайдалануға ынталандыратын болады.
"Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау жүйесінің "сары себет" шараларынан дамыған елдердегі АӨК қолдау жүйесінде негізгі рөл атқаратын "жасыл себет" шараларына кезең-кезеңімен көшуі де маңызды бағыт болмақ", - делінген құжатта.
Жоспарда Қазақстанда соңғы жылдары егіс алқаптары тұрақты түрде өсіп келе жатқаны, бірақ ауыл шаруашылығы дақылдарының әртараптандырылуы төмен екендігі атап өтілген: өнімділігі төмен дәнді дақылдар 70% құрайды. Елдің негізгі астық егетін аймақтарында монокультура басым.
Сонымен қатар, Қазақстан негізгі дақылдардың өнімділігі бойынша климаттық жағдайлары ұқсас басқа елдерден артта қалып отыр. Егістік алқаптарын пайдаланудың төмен тиімділігі көбінесе топырақ жамылғысының нашарлауына, суармалы жерлердің баяу өсу қарқынына және суды пайдаланудың төмен тиімділігіне, тұқым шаруашылығының даму деңгейінің жеткіліксіздігіне және материалдық-техникалық базаның жарақтандырылуына байланысты.
Сондай-ақ, Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің сын-тегеуріндерінің бірі отандық селекцияның тұқыммен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі болып табылады: мысалы, бидай тұқымы бойынша бұл көрсеткіш 56%-ды құрайды. Көкөніс, бақша дақылдары және қант қызылшасы сияқты қалған дақылдар бойынша отандық селекцияның тұқыммен қамтамасыз етілуі 10%-дан аз. Сондай-ақ, сұрыпты жаңартудың төмен пайызы маңызды мәселе болып табылады: елімізде қолданылатын элиталық тұқымдардың үлесі небәрі 7% құрайды, ал көрші мемлекеттерде бұл көрсеткіш 20%-ға тең.