Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеушілерді несиелендірудің жаңа бағдарламасын іске қосады
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға жеңілдікпен несие берудің жаңа бағдарламасын іске қосуға дайындалуда. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді.
Вице-министр биыл Үкімет 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын қабылдағанын еске салды.
«Жақын арада отандық шикізатты сатып алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына жылдық 5% жеңілдікпен несиелендірудің жаңа бағдарламасы іске қосылады. Бүгінгі таңда осы мақсаттарға алғашқы 30 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталуда», – деді Ербол Тасжүреков.
Ол 2025 жылы қаржы институттарын тікелей субсидиялау басталатынын және ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидия алу үшін өтініш жасамай-ақ бірден арзандатылған несиелер алатынын хабарлады. Бұл бағыт өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражатын алу үшін сынақтан өтеді.
Бұдан басқа, 2025 жылы СҚО тәжірибесі бойынша инвестициялық жобаларды жеңілдетілген қаржыландыруға 200 млрд теңге бағытталатын болады. Несиелерді 122 кәсіпорын алады.
«2023 жылы осы мақсаттарға бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Осының арқасында 11 өңірде 60 сүт-тауар фермасы салынуда. Бұл қосымша 373 тонна сүт өндіруді қамтамасыз етеді», – деді Ербол Тасжүреков.