17:48 Мал шаруашылығы

Өңірлерге мал сатып алуға жеңілдікпен несие беруге 43 млрд теңге бағытталды

Өңірлерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға жеңілдікпен несие беруге 43 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат 34,5 мың бас мал сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен кеңесте мәлімдеді.

Ведомствода мал шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары шеңберінде «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдікті кредиттік бағдарламалары жұмыс істейтінін, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікті несие беру кеңейтілгенін еске салды.

«Біз фермерлердің ұсыныс-тілектерін ескеріп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландырылатын бағдарламаларға қатысу талаптарын едәуір жеңілдеттік. Ендігі міндет – өңірлерде жобаларды сапалы іріктеу. Мемлекеттік қаражаттың тиімді игерілуі мен жеңілдетілген несиелердің қайтарымдылығы үшін облыс әкімдіктері жанынан құрылған комиссиялар мен қаржы институттары жауапты болады. Сондықтан барлық тәуекел жағдайлар алдын ала жан-жақты пысықталып, әрбір жоба қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін мұқият сарапталуы тиіс», – деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сонымен бірге бірқатар өңірде жобаларды қарау және іске асыру қарқыны әлі де төмен. Осыған байланысты министр жұмысты жеделдетуді, әрбір жобаны жеке сүйемелдеуді қамтамасыз етуді және іске асыруға толық дайын емес жобаларға мемлекет қаржысын бағыттамауды тапсырды.

Кеңесте ірі егіншілік шаруашылықтарын мал шаруашылығын дамытуға тарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда жер көлемі 10 мың гектардан асатын, алайда жеткілікті жер қоры мен өндірістік әлеуетіне қарамастан малмен айналыспайтын шаруашылығы 329 жер пайдаланушы бар.

«Бұл шаруашылықтардың мал шаруашылығын дамытып, толыққанды өндірістік тізбекті қалыптастыруға әлеуеті жеткілікті. Бұл – мемлекет басшысының, сонымен қатар, премьер-министрдің нақты тапсырмасы. Сондықтан әкімдіктер осындай кәсіпорындармен жұмысты қысқа мерзімде жандандыруы қажет», – деді Айдарбек Сапаров.

Кеңесте алдағы мал қыстату науқанына дайындық барысы да қаралды. Өңірлердің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда 16 млн тонна мал азығы дайындалған. Дегенмен кейбір облыстарда мал азығын дайындау қарқыны жоспарланған деңгейден төмен.

Кеңес қорытындысында министр өңірлерге 2030 жылға дейінгі Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын сапалы іске асыруды, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді, ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамытуға белсенді тартуды, сондай-ақ мал азығын дайындау қарқынын жеделдетіп, қолда бар шабындық алқаптарды тиімді пайдалануды және алдағы қысқы кезеңге қажетті жемшөп қорын уақытылы қолға алуды тапсырды.