Қарағанды облысында екі ветеринариялық пункт ашылды
Қарағанды облысында екі модульдік ветеринариялық пункт ашылды. Олар Осакаровка кенті мен Нұра ауданының Құланөтпес ауылында орналасқан. Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту мамандардың жұмыс жағдайын жақсартуға, ауыл тұрғындары үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және жануарларға ветеринариялық процедураларды қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.
Осакаров ауданында 23 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Алайда олардың кейбірінің жеке ғимараты жоқ. Атап айтқанда, аудан орталығындағы ветеринарлар осы уақытқа дейін әкімдік ғимаратында жұмыс істеп келген. Енді олардың үш жұмыс орны және вакциналар мен биопрепараттарды сақтауға қажетті жағдайлары бар жеке ғимараты бар.
Модульдік пунктте жануарларға вакцина егуге, қан сынамаларын алуға және басқа да ветеринариялық процедураларды жүргізуге болады. Пункт жанынан 180–200 бас ірі қараға арналған қора-жай салынған.
Әкімдіктің мәліметінше, ауыл тұрғындары қажетті ветеринариялық шараларды жүргізу үшін жануарларын жаңа пунктке өздері әкеле алады. Бұл мамандардың әр шаруашылыққа бару қажеттілігін азайтады.
Осакаров ауданында мал қораларымен жабдықталған осындай тағы 10 модульдік ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды. Олар жыл соңына дейін ашылады.
Нұра ауданында да жыл соңына дейін 10 модульдік ветеринариялық пунктті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құланөтпес ауылындағы жаңа пунктте үш маман жұмыс істейді. Мұнда ветеринарлар вакцина егіп, зертханалық талдауларға қан сынамаларын алып, басқа да қажетті процедураларды жүргізе алады. Нысанның жанынан мал қорасы салынған.
«Бұрын жануарларға көмек көрсету үшін әр үйді аралауға тура келетін. Енді тұрғындар қажетті ветеринариялық процедураларды жүргізу үшін малын осында өздері әкеле алады», – деді Құланөтпес ауылының ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Серік Жапаров.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл Қарағанды облысының 70 елді мекенінде жаңа модульдік ветеринариялық пункттер ашылады. 2027 жылы тағы 70 пункт ашу жоспарланған. Сонымен қатар өңірде 28 мал қорымын және бес ветеринариялық станция салу көзделіп отыр.