11:20 Қазақстан

Ауыл шаруашылығы министрлігі үкіметке АӨК-ті қосымша қаржыландыруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ұзақ мерзімді несиелермен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тапсырманы орындау үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаржыландыруды ұштастыру қағидаты қолданылмақ. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

«Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ұзақ мерзімді қарыз беруге 270 млрд теңге, ал 2027 жылы 220 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта осы қаражаттың 64,2 млрд теңгесі мал сатып алуға бағытталды. Жоспарланған мақсаттарды толық іске асыру үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы мал шаруашылығын қолдауға 84 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлу қажет», – деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, Қазақстанның Даму банкі арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға 2026 жылы қосымша 35 млрд теңге бөлу қажет.

Сонымен қатар отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту үшін биыл «ҚазАгроҚаржы» арқылы 50 млрд теңге көлемінде бюджеттік несиелеуді қамтамасыз ету керек.

«Сондай-ақ Құрылтай депутаттары «ҚазАгроҚаржыға» қосымша 37,5 млрд теңге бөлуді ұсынып отыр. Бұл 2027 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беруге 200 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді», – деді Айдарбек Сапаров.

Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында мал сатып алуға жеңілдетілген несие беру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2027 жылы қосымша 50 млрд теңге бөлуді сұрап отыр.