Қытайдың ірі кооперативтік желісі Қазақстаннан астық пен ет импорттағысы келеді
Бүкілқытайлық жабдықтау-өткізу кооперативтері федерациясының (ACFSMC) делегациясы Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау мәселелерін және АӨК-де қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске қосу мүмкіндігін талқылау үшін келді. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Делегациямен холдингтің басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы кездесті.
«ACFSMC делегациясы Қазақстаннан астық, майлы дақылдар мен ет жеткізуді кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық білдірді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығында ақылды суару және өсірудің инновациялық әдістері сияқты заманауи технологияларды енгізу саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды», - деп хабарлады «Бәйтерек» холдингінде.
Сондай-ақ, кооператив қызметін кеңейту және ауылшаруашылық кооперативтерін басқаруда тәжірибе алмасу жолдары талқыланды. ACFSMC өкілдері білім мен технологиялармен алмасу үшін қазақстандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға ниет білдірді, бұл екі елдің агроөнеркәсіптік кешені жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүкілқытайлық жабдықтау-сату кооперативтері федерациясы 1954 жылы құрылған және 37 мыңнан астам кооперативтер мен 32 млн жеке мүшелерді біріктіретін Қытайдың ең ірі кооперативтік желісі болып табылады. 2023 жылы ұйымның жалпы айналымы 7,3 трлн юаньды құрады. ACFSMC қызметі көтерме және бөлшек сауда, логистика, қаржылық қызметтер, ауылшаруашылық өндірісі және электрондық коммерция сияқты бағыттарды қамтиды.