Екі астық қоймасының директоры астықты ұрлап, бүлдіргені үшін сотталды
«Астық қоймалары» ЖШС өкілдіктерінің - «№2 Нан қоймасы» және «№5 Нан қоймасы» бұрынғы директоры - астықты ұрлағаны және оны бүлдіргені үшін 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Экс-директор 160 млн теңгеден астам сомаға азық-түлік астығының мемлекеттік резервтік қорын ұрлағаны және оның 118 млн теңгеден астам сомаға 996 тонна мөлшерінде бүлінуіне әкеп соққан немқұрайлылығы үшін кінәлі деп танылды», - деп хабарлады Антикорда.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен оған мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.