11:34 Мал шаруашылығы

Қостанайда 2,5 млрд теңге ет субсидияларын жымқыруға қатысты іс бойынша үкім шығарылды

Қостанайда мал шаруашылығын дамытуға және ет өңдеуге бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру туралы іс бойынша 30 адамға қатысты үкім шығарылды. Beefstream және Beef Export Group компанияларының директоры, Beef Export Group қызметкерлері, басқа ЖШС директорлары, шаруа қожалықтарының басшылары, ветеринарлық дәрігерлер және Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері сотқа тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сотта анықталғандай, мемлекеттік субсидиялар 2021 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың маусымына дейін ұрланған. Оның ішінде, Beef Export Group ет комбинатын салуға жұмсалған шығындардың 25%-ын өтеу үшін инвестициялық субсидиялар ретінде шамамен 1,2 млрд теңге бөлінді.

«Субсидиялауға жататын өндірістің қуаттылығы тәулігіне кемінде 1500 бас ІҚМ болуы тиіс еді, алайда ет комбинаты іс жүзінде бұл өлшемге сәйкес келмеді, ал қуаттылығы бойынша құжаттар қолдан жасалып, алаяқтық жолмен алынды», - деп мәлімдеді сотта.

Шаруа қожалықтарына мал шаруашылығын дамытуға тағы 354 млн теңге бөлінді. Шаруашылықтар малды Beef Export Group ет комбинатына жынысы, жасы, салмағы және басқа да өлшемдері бойынша қатаң белгіленген критерийлер бойынша тапсыруы керек еді. Бұл ретте тараптардың уағдаластығы бойынша өлшемдерге сәйкес келмейтін мал өңдеуге тапсырылды, ал ет комбинатының қызметкерлері оларды құжаттар бойынша қажетті параметрлерге келтірді. Сонымен қатар, тек құжаттарға сәйкес болған малды жалған тапсыру анықталды. Соттың мәліметінше, ресімделгеннен кейін шаруалар ауыл шаруашылығы басқармасына субсидия алуға өтінім беріп, алынған қаражатты ет комбинатымен және ветеринарлармен алдын ала келісілген шарттарға бөлген.

Сондай-ақ сиыр етін жалған сату арқылы ет комбинатына бөлінген 1 млрд 25 млн теңге субсидия ұрланды.

«Шаруалар тапсырылған «жалған» мал үшін субсидия талап етпеді, бірақ зауыттан бір жалған бас үшін 8-10 мың теңге алды», - деді сотта.

Сотталушылардың іс-әрекеттері: салық төлеуден жалтару; ұйымдасқан топты құру, басқару және оған қатысу; бұзақылық; билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану; бюджет қаражатын ұрлау; қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру; заңсыз кәсіпкерлік; пара алу және беру; ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасау.

Қостанай қаласының № 2 сотының үкімімен Beefstream және Beef Export Group директоры 14 жылға, оның орынбасары жеті жылға, ал кәсіпорын қызметкері алты жылға бас бостандығынан айырылды. Beef Export Group бухгалтері тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖШС және шаруа қожалықтарының басшылары бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Ветеринариялық станция қызметкері сегіз жылға, ветеринариялық дәрігер - бес жылға, АШБ қызметкері - 5,5 жылға сотталды.

Тағы бірнеше айыпталушыға рақымшылық жасалып, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотта жәбірленушілердің мәлімделген азаматтық талаптары қанағаттандырылғанын атап өтті. Сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым салу азаматтық талап қою бөлігінде үкім орындалғанға дейін сақталады.

Beef Export Group банк шотындағы 1,3 млн доллары, 4 мың еуродан астам және 600 млн теңгеден астам тәркіленген қаражаты мемлекет кірісіне айналдырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.