Қытайдың Нанкин қаласында Орталық Азиямен жұмыс істеу үшін сауда орталығы ашылды
Қытайдың Нанкин қаласында «Цзянсу – Орталық Азия» сауда орталығы ашылды. Орталық Орталық Азия елдерінің компанияларын орналастыруға және жұмыс істеуге арналған көпфункционалды платформа болып табылады, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Орталықтың ашылу салтанатында қонақтарға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан экспорттық өнімдері бар көрме павильоны таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстаннан 50-ге жуық компания өз өнімдерін ұсынды. Орталық алаңында бір сағаттың ішінде Douying платформасындағы қазақстандық тамақ өнімдері 15 мың доллар сомасына сатылды.
Сондай-ақ, QazTrade шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт пен SOHO компаниясы орталықты бірлесіп басқару туралы шартқа қол қойды, ол бойынша ұлттық компаниялар мен қаржы институттары, бизнес-қоғамдастықтар өкілдерін орналастыру шарттары келісілді.
Тараптар Астанада осындай мультифункционалды орталықтың іске қосылуын талқылады. Кешенді жобаның арқасында бизнес өкілдері халықаралық серіктестермен келісімшарттар жасай алады, іскерлік келіссөздер жүргізе алады, қаржылық және консалтингтік қызметтер ала алады, сауда мәмілелерін рәсімдей алады.
Орталықтың ашылуында ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев атап өткендей, Цзянсу жыл сайын 266,8 млрд долларға өнім импорттайды, бұл негізінен өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарлары. Қазақстан провинцияның сыни импортының көптеген позициялары бойынша сапалы жеткізілімдерді қамтамасыз етуге дайын.
Өз кезегінде провинциясының губернаторы Сюй Куньлинь Қазақстанмен стратегиялық ынтымақтастықты толық қолдайтынын және бұл үшін Нанкинде Қазақстанмен сауда мен инвестицияларды дамытуды күшейтуге жәрдемдесетін инфрақұрылым құрылғанын атап өтті.
Сауда министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылы Қытаймен тауар айналымының қарқынды өсуі жалғасуда. Жеті айдың қорытындысы бойынша өзара сауда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға өсіп, 16,8 млрд долларды құрады. Қазақстан мен Цзянсу провинциясы арасындағы тауар айналымы осы кезеңде 723,3 мыңнан 1 758,1 млн долларға дейін 2,4 есеге өсті.