24 сентября 2024 Қазақстан

Ауыл шаруашылығы министрлігі форвардтық сатып алуға арналған тауарлар тізбесін кеңейтеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына түзетулер дайындады, оған сәйкес форвардтық сатып алуды қолдана отырып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесі кеңейтілуде. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.

«Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін және тауық жұмыртқаларын (I санатты) өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% пастерленген сүтті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айранды, сары майды (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштарсыз және өсімдік майларынсыз), майлылығы 5-9% сүзбені, бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанын (пішінді), тауық етін (сан сүйегі және жіліктік сүйекті ет), сиыр етін (сүйекті жауырын-төс бөлігі), макарон түтікшелерді (өлшеніп салынған), аc тұзын («Экстра»-дан басқа) өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру бекітілген бағаны белгілей отырып, форвардты және қарызды қолданумен жүзеге асырылады», - делінген құжатта.

Жоғарыда аталған өнімдерді өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70%-нан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және өнімді жеткізгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарында жүзеге асырылады.

«Форвардтық шарттар шеңберінде және берілген қарыздар бойынша сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде көкөніс өнімдерінің көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс (қалалық немесе жалпы), республикалық маңызы бар қала, астана халқының үш айлық қажеттілігінің 50%-на дейін қалыптастырылады», - делінген бұйрықтың жобасында.