03 октября 2024 Қазақстан

Қазақстанда күріш қауызынан жасалған нанокомпозит өндіріледі

Қазақстанда күріш қауызынан кремний-көміртекті нанокомпозит өндірудің бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаны Ғылым қорының қолдауымен Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығы жүзеге асыруда. Бұл туралы ҚР Ғылым министрлігі хабарлады.

Жоба жетекшісі Юрий Сухарниковтың айтуынша, күріш қауызы күріш өндірісінің қалдығы болып табылады. Өндірістік қуаттылығы жылына 1500 тонна полифункционалды кремний-көміртекті материалды құрайды.

«Күріш қауызы күріш салмағының 20 пайызын құрай отырып, құрамында маңызды элементтер – көміртегі мен кремний болғандықтан жаңартылатын шикізат саналады. Осы материалдың табиғи артықшылықтарын пайдалана отырып, біз нәтижесінде полифункционалды кремний көміртекті нанокомпозит алатын өңдеу технологиясын әзірледік. Материал резеңке техникалық бұйымдар мен фрикциялық материалдарды толтырғыш, кремний мен ферроқорытпа алуға арналған шикізат ретінде жұмыс істейді. Оны ауыл шаруашылығында да пайдалануға болады», - деп атап өтті жоба жетекшісі.