Қазақстанның оңтүстігінде сүйек өңдеу зауыты іске қосылады
Huating Biotechnology Co., Ltd Түркістан облысында мал сүйектерін терең өңдеуге маманданатын зауыттың құрылысын аяқтауда. Өндірістік қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға дейін май мен желатин компоненттерін құрайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаға 9 млрд теңге инвестицияланады. Бірінші кезеңде 2,5 млрд теңге салынды, 30 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Кәсіпорынның бірінші кезегін іске қосу ағымдағы жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды.
Өндірісті одан әрі дамыту аясында инвестор шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуді пысықтауда. Атап айтқанда, мал сүйектерінен ыдыс-аяқ, жем және басқа да бұйымдар өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.
«Жоба өңірде мал шаруашылығы шикізатын өңдеудің толыққанды тізбегін қалыптастыру тұрғысынан ерекше маңызға ие. Бұрын негізінен өндіріс қалдықтары ретінде қарастырылуы мүмкін сүйектер қосылған құны жоғары өнім шығару үшін шикізат ретінде пайдаланылатын болады», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.