13:15 Қазақстан

Өнеркәсіп қалдықтарынан алынатын тыңайтқышты қазақстандық ғалымдар ойлап тапты

Өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жолымен тыңайтқыштарды әзірлеу бойынша зерттеулерді Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғылыми зерттеулер департаментінің қызметкері, PhD докторы Бақыт Смайлов жүргізеді. Бұл туралы ҚР Ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жас ғалымның «Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін құрамында гуматы бар тыңайтқыштар алу технологиясын әзірлеу» жобасы жоғары бағаланып, 2022-2024 жылдарға арналған ҚР Ғылым министрлігінің байқауында грант жеңіп алды.

«Ауыл шаруашылығында топырақ құнарлылығын арттыру біздің елімізде өзекті міндет болып табылады. Сондықтан мен өз жобамда қалдықтарда жинақталған заттарды қолдануды шештім. Біз Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Леңгір көмір кен орнының қалдықтарын зерттедік, нәтижесінде гумин қышқылдары алынды. Бұл органикалық қосылыстар органоминералды тыңайтқыштар үшін маңызды шикізат болып табылады. Зерттеулер оң нәтиже берді және жоба өндіріске енгізілді. Оңтүстік өңірдің фермерлерімен бірге біз тыңайтқыштарды сынақтан өткіздік және нәтижелер топырақ құнарлылығының деңгейі жақсарып, өнімділік артқанын көрсетті», - деп атап өтті Бақыт Смайлов.

Жоба патенттелген және авторлық құқыққа ие. Болашақта ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды шығару жоспарлануда.