12:41 Қазақстан

Үкімет 2024 жылы фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша қарызды өтемейді

Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың соңына дейін фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша борыштарды өтеу үшін қажетті 194,8 млрд теңгені бөле алмайды. Бұл мақсаттарға қаражат кезең-кезеңімен бөлінетін болады, деп мәлімдеді ведомство басшысы Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысы кезінде.

Депутат Жигули Дайрабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда субсидиялар бойынша жалпы берешек 359,1 млрд теңгені құрайды. Оның 194,8 млрд теңгесі күту парағында, яғни, бұл АШБ тексерген және субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде мақұлданған фермерлердің өтінімдері.

«Бұл 194,8 млрд теңге баяғыда өтелуі керек еді. Қосымша қаржыландыру туралы ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігіне жолдаған. Осыған байланысты менің сұрағым бар: жыл соңына дейін субсидия қарызы толығымен төлене ме?». – деді министрге Жигули Дайрабаев.

Бұған жауап ретінде Мәди Такиев 2025 жылға арналған республикалық бюджетте аграрлық секторға 400 млрд теңге көлемінде субсидиялар көзделгенін хабарлады. Бұл ретте биылғы қарыз келесі жылға ауысады.

«Сіз көтерген сұрақ біз жақсы білеміз және бұл көптеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан тәжірибе. Біз жыл соңына дейін 194,8 млрд теңгені толық төлей алмаймыз. Яғни, біз бұл қаражатты республикалық бюджеттен ғана емес, жергілікті бюджеттерден де кезең-кезеңімен бөлуге тырысамыз», - деді Қаржы министрлігінің басшысы қаражат бөлудің болжамды мерзімдерін нақтыламай.