Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеушілерді несиелендірудің жаңа тетігін іске қосады
2025 жылы Қазақстанда Аграрлық несие корпорациясы үшін сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау арқылы өңдеуші кәсіпорындарға несие берудің жаңа тетігін сынақтан өткізу жоспарлануда, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Алматыда ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесуде 2024 жылы айналым қаражатын толықтыруға арналған өңдеуші кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Бағдарлама отандық өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
2025 жылы АНК үшін сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау және 48,5 млрд теңге сомасында қайта өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын сатып алуға тартылған қаражатты жіберу арқылы жаңа тетікті сынақтан өткізу жоспарлануда.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және оның үлесін өндірілетін шикізаттың 70%-на дейін жеткізу жөнінде шаралар қабылдауда. Қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа өткізу нарықтарын ашуды, сондай-ақ қазақстандық қайта өңдеушілерді қолдау үшін қорғау шараларын қолдануды көздейтін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары қабылданды. Жоспарды іске асыруға бес жыл ішінде 372 млрд теңге, оның ішінде инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына – 222 млрд теңге бөлу жоспарлануда», - деді вице-министр.
Шикізатпен мәселені жүйелі шешу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК-те ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша СҚО тәжірибесін қолдану шаралары қабылдануда. Ағымдағы жылы қуаттылығы 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 сүт-тауар фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бағытталды.
«Кешенді жоспардың негізгі бөлігі ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сату көлемін кеңейту мәселесі болып табылады. Жоспарды іске асыру өңделген өнімнің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттыруға, сондай-ақ АӨК ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Азат Сұлтанов.